«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Отандық тауарлардың елішілік құндылығын арттыру қажет – сарапшы

2023 жылғы 16 Қараша
7049 просмотров

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев «Қазақстандық қамту 2.0» І халықаралық форумында сөйлеген сөзінде мемлекет тарапынан тау-кен секторының сатып алу қызметіне реттеушілік ықпал ету мәселесіне назар аудару қажеттігін мәлімдеді.

 «Мемлекет басшысы белгілеген міндеттерді сапалы іске асыру, қойылған KPI межелеріне қол жеткізу үшін процестің барлық қатысушы бірқатар жүйелі мәселені бірлесіп шешуі тиіс. Бүгінгі алаң пікір алмасуға, осы бағыттағы сын-қатерлер мен қолда бар әлеуетті бағалауға мүмкіндік беретініне қуаныштымын», – деді «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев форум барысында.

 Спикер отандық өндірісті қолдауда мемлекет тарапынан тау-кен секторының сатып алу қызметіне реттеушілік ықпал ету мәселесін атап өтті.

 «2007 жылы жер қойнауын пайдаланушылар үшін тауар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудың бірыңғай қағидаларын қабылданғанға дейін ТМК секторында арнайы реттеу болмағаны белгілі.  Қағидалардың бірінші редакциясының қабылдануымен нормаға жеке жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу рәсімдерін мемлекеттік реттеудің негізгі қағидаттары алынды. Жалпы, 2010-2018 жылдар аралығындағы күрделі реформаларға, соның ішінде сатып алу тәсілдеріне қарамастан, бұл қағидалар сатып алуды реттеудің принциптерін, модельдері мен тәсілдерін тұжырымдамалық түрде сақтап қалды. Бастапқы кезеңде қағидаларды енгізу нарықтың дамуына және оны реттеуге серпін берді. Мұның бәрі отандық өндірушілерге дамуға мүмкіндік берді. Бірақ уақыт өте келе жекелеген нормалар мен тәсілдерді ескере отырып, сатып алу қағидалардың кейбір жүйелі сәттері отандық өндірісті дамытуда тежеуші факторға айналды», – деді Нұрахмет Нұриев.

 Спикер Қағидаларда бағаны қайта қарауға мүмкіндік беретін неғұрлым икемді жүйені, сондай-ақ мәміленің өзгеретін сыртқы факторларына байланысты келісімшарттың басқа да маңызды шарттарын қарастыру қажет деп санайды. Ол мұндай сыртқы өзгерістердің қаупін белгілі бір дәрежеде теңестіретін формулалық бағаны қолдануды ұсынды.

 Компания басшысы мемсатып алудың электрон жүйесін айтып, тапсырыс беруші және жеткізушілермен толық көлемде өзара іс-қимыл жасауға, елдің сатып алуы бойынша толық көрініске ие болуға мүмкіндік беретін жаңа электрон жүйені әзірлеу және енгізу жөніндегі мәселені жеделдету қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ, ТМК компаниялары үшін сатып алынатын өнімнің сапасы маңызды фактор екенін айтты. Отандық тауар өндірушілер әлемдік стандарттарға бағдарлана отырып, өндірістік процестері мен технологияларын жетілдіруге, сапа менеджменті жүйесін дамытуға ұмтылуы керек.

 Спикер оффтейк-келісімшарттар немесе ұзақ мерзімді келісімшарттарға тоқталып, тауар өндірушіге өндірісті жолға қою үшін уақыт қажет екенін атап өтті. Мысалы, құрылысты жобалау кезеңінде көп уақыт өтіп, сыртқы факторлар өзгеруі ықтимал. Баға ұсыныстары негізгі шикізатқа, валюта бағамына, инфляцияға өзгеруі мүмкін. Кәсіпкерлер көптеген белгісіздікке тап болады.

 «Өнеркәсіптік саясат туралы» ҚР заңының қолданыстағы нормаларын нарыққа икемдеп, мемлекеттің ынталандыру шараларын енгізуін қамтамасыз ететіндей қайта қарау қажет. Бұл шара өндірістерді табысты іске қосу үшін мемлекеттік қолдау шараларын сапалы әкімшілендіруге елеулі ықпал етеді, сұраныс пен ұсынысты түсіну үшін қажетті ашықтық пен айқындықты арттырады деп ойлаймын», – деп қорытындылады Нұрахмет Нұриев.

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер