«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Мәжілісте даму институттарының жұмысы жайы талқыланды

2024 жылғы 02 Желтоқсан
2052 просмотров

28 қарашада ҚР Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму Комитетінің кеңейтілген отырысы өтіп, онда отандық бизнесті қолдау және дамыту мақсатында құрылған даму институттарының қызметі талқыланды.

Депутаттардың, мемлекеттік органдардың, даму институттарының, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және бизнес-қоғамдастықтың өкілдерінің қатысуымен өткен отырысты Комитет төрағасы Нұртай Сабильянов жүргізді.

Күн тәртібінде «Бәйтерек» ұлттық холдингі» АҚ, «Қазақстанның даму банкі» АҚ, «Индустриялық даму қоры» АҚ және «Даму» КДҚ» АҚ жұмысындағы кемшіліктерді талдау болды. Анықталған негізгі проблемалар кәсіпорындарды ұзақ мерзімді қаржыландыру мәселелері және бизнесті қолдаудың Бірыңғай кешенді бағдарламасы (БКБ) шеңберінде жаңа және қолданыстағы жобаларды субсидиялауға бюджеттік қаражаттың жетіспеушілігі болып табылады.

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мәліметтері бойынша, 2024 жылы бизнесті қаржылық қолдаудың жалпы көлемі 2,9 трлн теңгені құрады.

• Қазақстанның Даму банкі арқылы негізінен инфрақұрылым мен өңдеу өнеркәсібі салаларында 46 жобаны қолдауға 1,2 трлн теңге бөлінді.

• Индустриялық даму қорынан 215 жобаға 417,7 млрд теңге қаржыландырылды.

• Банк кепілдігімен бірге 5 жобаға 176,6 млрд теңге бөлінді.

• «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры 22 мың жобаға 1,3 трлн теңге бөлді.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы БКБ аясында жаңа жобаларды да, қолданыстағы жобаларды да субсидиялауға бюджеттік қаражаттың жетіспеушілігі туралы мәселені бірнеше рет көтерген болатын. Бұл проблема өте өзекті деп танылып, жиында талқыланды.

Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов 2024 жылдың желтоқсан айының соңына дейін жобаларды субсидиялауға қосымша бюджет қаражатын бөлу жоспарланып отырғанын, бұл бизнесті қолдаудың маңызды шарасы болатынын жеткізді.

Сондай-ақ, кездесу барысында төмендегі мәселелер талқыланды:

• Кәсіпорындарды ұзақ мерзімді қаржыландыру бағдарламаларын әзірлеу;

• Медициналық жабдық пен қоғамдық көлікті лизингке беру;

• Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын іске асыру мәселелері;

• ШОБ субсидияларын кешіктіріп төлеу.

Кәсіпкерлер даму институттарының жұмысын жақсарту, соның ішінде рәсімдерді жеңілдету және қаржы құралдарының қолжетімділігін кеңейту бойынша ұсыныстар жасады. Бұл бастамалар «Атамекен» ҰКП-ның ұсыныстарымен қатар депутаттардың қолдауына ие болды.

Отырыс қорытындысы бойынша Мәжіліс Комитеті даму институттарының жұмысын жақсартуға және кәсіпкерлікті қолдау шараларын күшейтуге бағытталған Үкіметке ұсыныстар әзірледі. Бұл ұсыныстар кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне тез жауап бере алатын неғұрлым қолжетімді және тиімді жүйені құруға деген ұмтылысты көрсетеді.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұсынылған шараларды одан әрі талқылауға және жүзеге асыруға белсенді қатысуға дайын екенін растады. Палата бәсекелестік пен экономикалық сын-қатерлердің күшеюі жағдайында әсіресе маңызды болып табылатын бизнес үшін қолайлы жағдай жасау жұмысын жалғастырады.

Фото: ҚР Парламент Мәжілісі


Еншілес ұйымдар

Серіктестер