«Өсімдіктерді қорғау туралы» заңға енгізілген өзгертулер салық түсімдерін 3 есе арттыруға мүмкіндік береді
Өткен аптада Қазақстанда агрохимия саласындағы жағдайды түбегейлі өзгертуі мүмкін маңызды шешім қабылданды.
Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия ҚР-ның «Өсімдіктерді қорғау туралы» заңына енгізілетін өзгертулерді мақұлдады.
Енді отандық өндірушілер өз өнімдерін экспортқа шығарған жағдайда, егер пестицид импорттаушы елде тіркелген болса, Қазақстанда қосымша тіркеуден өткізбей-ақ өнімді өндіре алады.
«Бұл өзгертулер мен толықтырулардың қабылдануы қазақстандық кәсіпорындарға пестицидтер тіркелген елдерге экспорттау үшін тауарды қайта тіркеуден өткізусіз-ақ өндіруге мүмкіндік береді. Бұл шешім – химия өнеркәсібі мен агросектор үшін көптен күткен маңызды қадам», – деді пестицид өндіруші ірі компаниялардың бірі, «Астана-Нан» ЖШС өкілі.
Бұған дейін қолданыстағы заң отандық зауыттардың қуатын іс жүзінде толық пайдалануңға мүмкіндік бермеген еді. Өндіріске тек Қазақстанда тіркеуден өткеннен кейін ғана рұқсат етілетін, ал бұл үрдіс екі жылдан астам уақытқа созылатын. Салдарынан кәсіпорындар өндірістік қуатының тек 10%-ын ғана пайдаланып келді, ал шын мәнінде олардың жылына 60 млн литрге дейін өнім өндіруге мүмкіндіктері бар еді.
Осылайша, қабылданған шешім Қазақстан үшін келесідей мүмкіндіктерге жол ашады:
- өндірушілер бос, пайдаланусыз тұрған өндірістік қуаттарды іске қоса алады;
- салық түсімдері 3 есеге дейін өсуі мүмкін;
- Қазақстан Орталық Азия мен Еуропа нарықтарына пестицид жеткізетін өңірлік хабқа айналу мүмкіндігін иеленеді.
Өз кезегінде, «Атамекен» ҰКП Өңдеу өнеркәсібі департаментінің сарапшысы Гүлмира Қажыбекованың айтуынша, қазақстандық кәсіпорындардың қуаты тек ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, өзге елдерге де экспортқа шығаруға жеткілікті.
Аталған өзгерістер – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, бизнес және Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұзақ уақытқа созылған бірлескен жұмысының нәтижесі. 2025 жылдың тамызында жоба ҚР Үкіметінің оң қорытындысын алды, ал енді Ведомствоаралық комиссияның да мақұлдауынан өтті.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: