Отандық жабдық пен сенімді қызмет көрсету: Қарағандыда газдандыру барысы талқыланды
Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасында Құрылыс және құрылыс индустриясы кеңесінің жанындағы газдандыру мәселелері жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті. Талқылауға әкімдік өкілдері, салалық басқармалар, газ саласындағы компаниялар, мәслихат депутаттары мен бизнес-қауымдастыққатысты.
Отырысты ашқан жұмыс тобының төрағасы, «Gas Prom Service» ЖШС директоры Саламат Айрамбаев газ инфрақұрылымын дамыту Қазақстанда өндірілетін технологияларға негізделуге тиіс екенін атап өтті.
«Отандық өндірісті қолдау – бұл өңір экономикасына қосқан үлес қана емес, бұл – жобалардың тұрақтылығы мен импортқа тәуелділікті азайту. Біз үшін жабдық Қазақстанда өндіріліп, осында қызмет көрсетілгені маңызды», – деді С.Айрамбаев.
Энергетика және ТКШ басқармасының өкілдері газдандыру жобаларын табысты жүзеге асыру жобалық-сметалық құжаттаманың сапасына тікелей байланысты екенін еске салды. ЖСҚ-ны қаржыландыру тетіктерін жетілдіру және инвесторлар үшін түсінікті жұмыс сызбаларын құру қажеттігі атап өтілді.
Жиында үйішілік газбен жабдықтау мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Қарағанды қаласы тұрғын үй инспекциясының басшысы Тамерлан Абылқасымовтың айтуынша, бүгінгі басты міндет – газдың үздіксіз берілуін қамтамасыз ететін және апаттық тәуекелдерді азайтатын қызмет көрсету жүйесін құру. Ол үшін дайындалған мамандар мен нақты бақылау стандарттары қажет.
Қарағанды облысының инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жөніндегі аға көмекші прокуроры Анна Рудавина газдандыру тек техникалық мәселелермен шектелмей, тұтынушылар мен инвесторлардың құқығынқорғауды да қамтитынын атап өтті. Прокуратура шарттардың ашықтығына назар аударады және кәсіпкерлердің өтініштерін қарауға дайын.
Талқылау барысында техникалық қадағалауды жетілдіру, сервистік ұйымдардың рөлін күшейту және газ инфрақұрылымын сүйемелдеудің ұзақ мерзімді модельдерін әзірлеу жөнінде ұсыныстар да айтылды.
Жұмыс тобы өзара іс-қимылды жалғастыруға және ұсыныстар жинағын жасап, оны салалық мемлекеттік органдарға жолдауға келісті.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: