Жеңілдетілген декларация: «Атамекен» ҰКП шағын бизнестің мүддесін қорғауда
Ұлттық экономика министрлігі жеңілдетілген декларация негізіндегі режимді қолдануға тыйым салынатын қызмет түрлерінің тізімін дайындап жатыр.
«Атамекен» ҰКП мен бизнес өкілдерінің қатысуымен жаңа салық режимінің енгізілуі талқыланды. Бұл режим көптеген кәсіпкерлер үшін жұмыс істеу жағдайларын түбегейлі өзгертуі мүмкін. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда тек үш арнайы салық режимі ғана қалады: жеңілдетілген декларация негізіндегі режим, шаруа қожалықтарына арналған режим және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режим.
Жеңілдетілген декларация негізіндегі режим – бұл қолданыстағы бөлшек салық және жеңілдетілген декларация режимдерінің гибриді. Ол жылдық айналымы 2,6 млрд теңгеге дейінгі, ҚҚС, әлеуметтік салық төлемейтін және жұмысшылар санына шектеу қойылмайтын кәсіпкерге арналған.
Бизнес қауымдастығын алаңдатып отырған басты мәселе – бұл режимді қолдануға тыйым салынатын экономикалық қызмет түрлерінің (ЭҚЖЖ) кеңейтілген тізімі.
Палата мәліметіне сәйкес, қазір Ұлттық экономика министрлігі аталмыш тізімді әзірлеу үстінде. Ресми құжат әлі жарияланбағанмен, талқыланып жатқан жұмыс нұсқалары кәсіпкерлер арасында үлкен алаңдаушылық тудыруда. Өйткені бұл тізім шағын және орта бизнес мүмкіндіктерін айтарлықтай шектеуі мүмкін.
Бизнес пен биліктің ұстанымы
«Қазір «Атамекен» ҰКП үкіметпен келіссөздер жүргізіп, бизнес ұстанымын жеткізуде. Есеп жүргізіп отырған көптеген компаниялар қиын жағдайға тап болуы мүмкін», – деді Тимур Жаркенов.
Ұлттық палата кәсіпкерлерден нақты ЭҚЖЖ бойынша негіздемелер мен ақпаратты жедел түрде жолдауды сұрап отыр. Бұл ұсыныстар арқылы үкіметке ортақ ұстанымды жеткізіп, ресми түрде «Ашық НҚА» порталында жарияланбас бұрын тізімді қайта қарауға ықпал ету көзделген.
Палата пікірінше, кәсіпкерлер өздеріне қолайлы салық режимінде жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болуға тиіс. Мемлекеттік бастамалар кәсіпкерлікке артық жүктеме болмауы қажет.
Бұған дейін Ұлттық палата өз ұсынысын әзірлеп, тыйым салынатын тізімге тек салықтық әкімшілендіру мен қоғамдық қауіпсіздік тұрғысынан жоғары тәуекелге ие қызмет түрлерін ғана енгізуді ұсынған. Ұсынылған 14 санатқа есірткі және радиоактивті заттар айналымы, акцизделетін өнім өндіру, құмар ойын бизнесі, мұнай өндіру және мұнай өнімдерін сату кіреді.
Бүгінде Ұлттық палата атына бизнес өкілдерінен салық заңнамасындағы өзгерістерге, әсіресе жеңілдетілген режимді қолдануға шектеулерге қатысты көмек сұраған көптеген ресми өтініштер келіп түсуде. Мысалы, білім беру ұйымдарынан келіп түскен өтініште ЭҚЖЖ – «Басқа топтамаларға енгізілмеген білім беру саласындағы өзге де қызмет түрі» санатына қатысты мәселе көтерілген.
Білім беру қызметтерінің негізгі тұтынушылары – жеке тұлғалар, оның ішінде балалар болғандықтан, бұл қызмет түрін жеңілдетілген режимнен алып тастау мынадай салдарға әкелуі мүмкін:
- білім беру ұйымдарының банкротқа ұшырауы;
- тұрғындар үшін білім беру қызметтерінің бағасының күрт өсуі;
- қосымша білім берудің қолжетімділігінің төмендеуі, бұл өз кезегінде адами капиталды дамыту жөніндегі мемлекеттік мақсаттарға қайшы келеді.
Салық режимін қатаңдату және ҚҚС тіркеу шегін 78 млн теңгеден 40 млн теңгеге дейін төмендету, жалпыға бірдей белгіленген режимге (КТС – 20%) өту және бухгалтерді жалдау қажеттілігі – шағын кәсіпкерлер үшін айтарлықтай ауыр жүктеме.
«Атамекен» ҰКП үкіметті диалогқа шақырып, салық реформасын бірлесе отырып әзірлеуді ұсынады. Бұл реформа шағын және орта бизнесті көлеңкелі табыс табуға итермелеудің орнына, керісінше, оның дамуына ықпал жасап, қолдауға бағытталуы қажет.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: