Ұлытау облысында СНР мөлшерлемесі 3%-ға төмендетілді
Ұлытау облысы кәсіпкерлер палатасында шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі салалық кеңестің отырысы өтті. Отырыста Жезқазғанда арнайы салық режимі (АСР) мөлшерлемесін төмендету мәселесі, сондай-ақ өңірдегі ШОБ саласының басым және перспективалық бағыттарын айқындау қаралды.
Ұлытау облысы кәсіпкерлер палатасы шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимінің мөлшерлемесін 3%-ға дейін төмендету бастамасын алдын ала көтергенін атап өтті.
– Ұлытау облысы кәсіпкерлер палатасының, қала және аудан мәслихаттары мен әкімдіктерінің бірлескен жұмысының нәтижесінде оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимінің мөлшерлемесін 3%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылданды. Бұл өзгеріс ШОБ-ты көлеңкеден шығаруға, бизнес жүргізудің ашықтық мәдениетін нығайтуға, салықтық тәртіпті арттыруға, кәсіпкерлердің жұмыс орындарын сақтап қалуына және қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді, – деді Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасының құқықтық мәселелер мен бизнесті қорғау жөніндегі директордың орынбасары
Ғалымжан Жанатұлы.
«Құқықтық қорғау және әділдік» ЖШС басшысы Бақыткелді Ниязбеков салықтық жүктемені оңтайландыру мақсатында бүгінгі таңда үш түрлі арнайы салық режимі қолданылатынын еске салды:
өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін;
оңайлатылған декларация негізінде;
шаруа және фермер қожалықтары үшін.
Оның айтуынша, АСР мөлшерлемесін 3%-ға дейін төмендету өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуға айтарлықтай серпін беріп, бизнестің тұрақтылығын арттырады.
АСР мөлшерлемесін төмендету туралы шешім Сәтбаев, Қаражал, Жаңаарқа және Ұлытау мәслихаттарының сессияларында қолдау тапты.
Отырыс барысында басым бағыттар ретінде сауда-ойын-сауық орталықтарын салуға қатысты ОКЭД түрлері, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған түзету және оқыту орталықтарының санын көбейту, сондай-ақ кофейня бизнесін дамыту мәселелері енгізілді.
Перспективалық бағыттар қатарында Индустриялық аймақ құру, коворкинг-орталықтарды дамыту және жастарға арналған ивент-агенттіктер ашу ұсынылды.







Пікір қалдыру:
Пікірлер: