«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Дүрбелеңсіз шоттарды бұғаттау: бизнеске арналған заңгерлік кеңестер

2026 жылғы 15 Қаңтар
- Шығыс Қазақстан облысы
1298 просмотров

Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлік субъектілеріне құқықтық білім беруге және әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған «Заңгердің кеңесі» ақпараттық жобасын іске асыруды жалғастыруда. Соңғы шығарылым кәсіпкерлер үшін  сезімтал тақырыптардың біріне арналды: салық органдарының банк шоттарын бұғаттау және шығыс операцияларын тоқтату.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің сарапшысы Мадияр Масабалинов бұл шараны қолдану тәртібін, себептері мен шарттарын түсіндірді.

«Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес, салық органдары бірқатар жағдайларда банк шоттары мен салық төлеушінің кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға құқылы. Шоттарды бұғаттауға мынадай негіздер себеп болуы мүмкін: салықтық есептіліктің белгіленген мерзімде тапсырылмауы; ҚҚС бойынша есепке қою туралы өтініштің болмауы; 6 АЕК-тен асатын салық берешегінің болуы; салық органы лауазымды тұлғаларын тексеруге жібермеу; салық төлеушінің заңды мекенжайы бойынша болмауына байланысты салықтық хабарламалардың қайтарылуы; салық органының талаптарын орындамау; камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жоймау», – деп атап өтті ШҚО Кәсіпкерлер палатасында.

Сарапшы түсіндіргендей, шығыс операцияларын тоқтата тұру рәсімі кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Бірінші кезекте салық төлеушіге берешекті өтеуді немесе анықталған бұзушылықтарды жоюды талап ететін хабарлама жіберіледі. Егер хабарлама орындалмай қалса, салық органы банктік шоттар мен кассаларды бұғаттау туралы шешім қабылдайды.

Бұл шараны қолдану мерзімдері салық төлеушінің тәуекел деңгейіне байланысты:

  • жоғары тәуекел деңгейі кезінде — бұғаттау 1 жұмыс күні ішінде қолданылуы мүмкін;
  • орташа тәуекел деңгейі кезінде — 10 жұмыс күнінен кейін.

Берешек толық өтелгеннен немесе бұғаттауға себеп болған жағдайлар жойылғаннан кейін шектеу келесі жұмыс күнінен кешіктірілмей алынады.

Мадияр Масабалиновтың айтуынша, қазіргі уақытта бұғаттауды алып тастау үдерісі толықтай автоматтандырылған — тиісті өкімдер біріктірілген салықтық ақпараттық жүйесі (СӘИЖ) арқылы қалыптастырылады, бұл шоттардың жұмысын қалпына келтіру мерзімін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.

Сарапшы шығыс операцияларын тоқтату шарасы тек жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға қатысты қолданылатынын ерекше атап өтті.

Жеке тұлғаларға бұл шара қолданылмайды.

Шоттардың бұғатталуын болдырмау үшін кәсіпкерлерге мынадай ұсыныстар беріледі:

  • салықтық есептілікті уақытылы тапсыру;
  • салық органдарының хабарламаларын тұрақты түрде бақылау;
  • берешектің пайда болуына жол бермеу және оны жедел түрде өтеу.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасының «Заңгер кеңестері» жобасы өзекті құқықтық мәселелерді түсіндіруді жалғастырып, бизнестің заңнама талаптарына бағдар алуына көмектеседі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174